Cіздің сауалыңыз
![]()  Free counters
|
| Социалистік еңбек ерлері
 АЙТҚҰЛОВ Алаңбай (1886 – 1952) – Социалистік Еңбек Ері. Байғанин ауданының Қосарал елді мекенінде дүниеге келген. Әке – шешесі мал бағумен күн кешкен шаруа адамдар. Айтқұлов та жас кезінен осындай шаруамен айналысқан. Ел өміріндегі ұлы өзгеріске байланысты халықты көшпелі тірліктен отырықшылыққа бейімдеу жылдарында серіктестікке мүше болып кіреді және осы ұжымның малын бағады. Одан әрі Чкалов атындағы колхозда еңбек етеді. Айтқұловтың қой түлігін өсірудегі шеберлігі «Қарақоға» колхозының мүшесі болған жылдарында айқын көрініс береді. Ұлы Отан соғысы кезінде өзіне бекітіліп берілген бір отар қойды Сам қысқы жайлысында бағып, әрбір көктем сайын төл алуда жоғары әрі тұрақты көрсеткішке ие болып отырды. Мәселен, хатқа түскен дерек бойынша ол 1947 жылы қарауындағы 691 қазақы саулықтан 839 қозы алып, аман өсірген. Мұндай табысқа бұдан бұрын да, одан кейінгі жылдарда да ие болғаны сөзсіз. Сондықтан да оған ауданның бір топ озат малшыларының қатарында 1948 жылғы 23 июльде Социалистік Еңбек Ері атағы берілген.
 ӘКІМОВ Әділ(1885-1915) Ақтөбе обылысы, Байғанин ауданы Қопа деген жерде туған. Ұлты Қазақ. Ұлы Октябрь революциясына дейін байлардың малын бақты. 1930 жылы Қопадағы серіктікке кірді. Кейін мұнда Қопа колхозы құрылды. Осы ауыл шаруашылық артелінде өмірінің ақырына дейін аға жылқышы болып жасады. Өзінің туып өскен колхозының нығайуына көп жылдар бойы аға жылқышы болып еңбек еткен Ә.Әкімовте үлес қосты. Оның өсірген сәйгүліктерін тек өз артелі ғана емес, көршілері де жоғары бағалап, сымбатты көрінісімен тұқымдық жоғары сапасына таңданатын. 1947 жылы Ә.Әкімовке 32 бие бекітіліп берілді. Олардан 32 құлын алып, бәрін аман сақтады. Бұл ерлігі лайықты бағаланды. СССР Жоғары Советі Президиумының 1948 жылы 23июльдегі Указымен аға бақташы Ә:Әкімовке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
 БАЙБАЗАРОВ Қарымсақ (1887 – 1957) Жаңажол ауылдық кеңесіне қарасты Оймауыт өңірінде туған. Кешегі Одақ кезінде шыққан басылымдарда осындай адамдарды Ұлы Қазан төңкерісіне дейін байлардың малын баққан, жалшы болған деп көрсетіледі. Егер оның өзінің малы болса, өзімен - өзі күнін көрер еді ғой. Ал ондай жағдай болмағаннан соң, байдың малы ма, ағайын – туыстың малы ма, әйтеуір бір қарекетпен шұғылданып, өзінің отбасын, ата – анасын асырауға тиіс қой. Олай болса, Байбазаровтың да тағдырдың басқа салғанына көнбеске амалы болмағаны сөзсіз. Дегенмен, жас кезінен мал бағуда жинақтаған тәжірибесі өмірге келген өзгеріс кезінде зор рөл атқарғанын оның бұдан былайғы еңбек жолы айқын көрсетеді. «Тасқабақ» серіктестігінің мүшесі болғаннан бастап, қой баққан Байбазаров ұжымдық дәулетті молайтуға өлшеусіз үлес қосады. Оның әр жылы әр жүз саулықтан 120 – 130 қозы алумен өткенін ауылдастары да аңыз қылып айтады. Оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілген (1948 жылғы 23 июль) кезде ресми мәлімет ретінде тіркелген 1947 жылғы көрсеткіші әр 100 саулықтан 124 қозыдан алғаны басшылыққа алынған. Ал 1948 жылы бұл кісі отарындағы 500 саулықтың әр жүзінен 125 қозыдан өсірген. Осы еңбегі үшін ол екінші рет Ленин орденімен наградталған. Демек, ол кездегі малшылардың мал бағу тәжірибесі де, осы жолда сіңірген еңбегі де айтса сөз жеткісіз болған ғой. Атағы алысқа кеткен Жамбыл атындағы колхоздың аға шопаны Байбазаровтың еңбегі – ұрпақтарына үлгі.
 БОҚАНОВ Қойлыбай (1902 – 1981) Қопа ауылдық кеңесінің территориясында туған. Отызыншы жылдардың бас кезінде құрылған «Құмкез» серіктестігінің мүшесі. Кейіннен ол «Есқуат», Жданов атындағы колхоз болып аталады. 1950 жылы «Қызылтаң», Жданов атындағы, «Қарабұлақ» колхоздары біріктіріледі де, оған сол кездегі партия көсемдерінің бірі Жданов есімі беріледі. Боқанов осы шаруашылықтарда үзбестен мал бағумен айналысады. Көп жыл қой шаруашылығы саласында еңбек етсе, колхоздар іріленген кезде жылқы түлігін бағуды қолға алады. Ол осы екі салада да айтарлықтай табыстарға ие болып, ел құрметіне бөленген. Әр жүз аналық малдан қозы және құлын өсіруде үздік көрсеткіштерге жетеді. Осындай адал да абыройлы еңбек иесі Боқанов 1948 жылы 23 июльде ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен Социалистік Еңбек Ері атанады, кейіннен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен наградталады. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысады.
 БІРҚҰЛАҚОВ Кеңес (1901 – 1974) Маңғыстау өңірінде дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, қой баққан. Сол өңірде алғашқы құрылған колхозда еңбек етіп, қаракөл қойын өсірумен шұғылданады. Әр жылдардағы қажырлы еңбегін жоғары бағалаған үкімет оған 1948 жылы 15 қыркүйекте Социалистік Еңбек Ері атағын береді. Наградаға ұсынылған еңбек көрсеткішінде 1947 жылы алынған қаракөл елтірісінің 98,7 процентін бірінші сортпен тапсырған. Ал 915 саулықтың әр жүзінен 106 қозыны өсімге алған. Осындай еңбек жетістігін алпысыншы жылдардың бас кезінде Байғанин ауданының «Сағыз» совхозында аға шопан болып жүріп те көпке паш еткен. Сондықтан да оны «Сағыз» совхозының еңбекшілері ғана емес, бүкіл аудан жұртшылығы құрмет түтып, марапаттай білді.
 Бірімова Балым.(1923-2003) №14 ауылдық кеңес Табын ауданы) ауыл щаруашылығы өндірісіні озаты, колхозшы Қазіргі Қызылбұлақ ауылдық Кеңесі территориясында туған 1940 жылдан Мұғалжар ауданында (бұрынғы Жұрын)тұрды, Жұрын колхозында жылқышы болды 1949 жылы бағымындағы 70 биеден 70 құлын алып, мал басын аман сақтағаны және бұған дейінгі еңбегы үшін Б Бірімоваға КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп,Ленин ордені мен «Орақ Балға» алтын медалі қоса тапсырылған Б Бірімова Бүкіл одақтың халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен, басқа да наградалармен марапатталды ҚР Президентінің 5 05 2003 жылғы жарлығымен «Шапағат» медалі берілді
 ЕЛБЕТОВ ТОЙМАНҚҰЛ(1894-1987)Табын ауданына қарасты Сам өңірінде туған. Ол алғашқылардың бірі болып серіктестіктің мүшелігіне қабылданды. Біраз жыл Оймауыт өңірінде еңбек етіп, кейіннен қазіргі Қызылбұлақ селолық округіне қарасты территориядағы Ворошилов атындағы колхоздың колхозшысы. Аталған ұжымдарда бригадир, бас жылқышы болады. Еңбек демалысына «Бұлақтыкөл» колхозы кезінде шығады. Ол 1942 жылы ел азаматтарымен бірге Отан қорғауға аттанады. Ата жаумен Ленинград майданында шайқасады. Екі жыл бойы жау қоршауындағы Ленинград қаласын қорғаушылардың сапында болады. Қаланы қоршаудан босатқаннан кейін, жауды түре қуып, Прибалтика майданы құрамаларының сапында Эстонияны азат етуге қатысады. Осындағы шайқастардың бірінде ауыр жараланады. Майдандағы ерлік істеріне орай командованиеден әлденеше алғыс алған, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Советтік Прибалтиканы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын омырауына таққан майдангер елге оралғаннан кейін бейбіт еңбекке белсене араласып кетеді. Елбетовтің есімі жылқы шаруашылығында еңбек еткен кезінде көпшілікке кеңінен танылады. Оның табынында өсірілген қазақы жылқылар бірнеше рет Бүкіл одақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатыстырылып, жоғары бағаланады. Ал Елбетовтің өзі жылқы шаруашылығын өркендету және әр 100 биеден 100 құлын өсірген еңбегіне сай 1947 және 1948 жылғы көрсеткіштері бойынша 1948 жылғы 23 июльде Социалистік Еңбек Ері атанып, оның омырауына Одақтың ең жоғары наградасы Орақ пен Балға алтын медалі мен Ленин ордені қоса тағылады.
 ЕСЖАНОВ ХАМЗА(1895 – 1966) № 7 ауылдық кеңеске қарасты Көптоғай деген жерде туған. Жаңа өкімет ұжымдық шаруашылықтар құру саясатын жүргізіп жатқан кезде серіктестікке кіреді. Ол серіктестік біраз жылдан кейін «Баршақұм» колхозы болып құрылады. Осында белсене еңбек етіп жүріп, ол 1942 жылы армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Майданнан 1945 жылы оралады. Сол жылдан бастап елуінші жылдардың орта шеніне дейін аға шопан болып жұмыс жасайды. Ол өз өндірісінде әрбір шаруашылық жылын табысты қорытындылап, колхоз экономикасының нығая түсуіне барынша үлес қосты. Ал оның 1947 жылғы еңбек көрсеткіші тіпті ерен еді. Бұл жылы ол отарындағы әр жүз саулықтан 142 – ден қозы алып, аман өсірді. Кезінде мұны аудан көлеміндегі ең жоғары жетістік деп бағалады. Соған орай Есжанов үкімет тарапынан лайықты марапатқа ие болды. Ол ауданымыздың бір шоғыр еңбек озаттарымен бірге 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды. Бұдан кейінгі жылдары да ол еңбек майданының алғы шебінде бола білді. Біраз жыл колхоздың тауарлы сүт фермасының бақташысы болады. 1956 жылы дербес зейнеткерлікке шығып, ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көреді.
 ЕШІМҚҰЛОВ МАҚАН (1884–1976) Қызыбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты Саркөл деген жерде туған. Осы ауылдық кеңестің территориясында алғашқы құрылған «Бұлақтыкөл» серіктестігінің мүшесі. Кейіннен іріленген «Бұлақтыкөл» қолхозы кезінде 1957 жылға дейін аға шопан болады. Бозбалалық шағынан мал бағумен шұғылданған ол ұжымдық шаруашылықтар кезінде өзінің еселі еңбегімен ортақ дәулетке қомақты үлесін қосып отырды. Мал бағудағы мол тәжірибе, жоғары шеберлік арқасында зор беделге ие болды. Оның қол жеткізген табыстары басқаларға үлгі етілді. «Түлік төлден өседі» деген қағиданы жақсы білетін аға шопан төл алу науқанына айрықша назар аударып, әр күнін тынымсыз еңбекпен өткізетін еді. Ал оның нәтижесі ел сүйсінерлік көрсеткіш болып шығатын. Мәселен, ол 1947 жылы қарауындағы 460 саулықтан 562 қозы өсірген. Осы табысы оны 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иеленуіне жеткізді. Әрине мұндай құрметі атақ жылма – жыл беріле бермейді. Дегенмен, Ешімқұлов бұдан былайғы жылдарда да осы деңгейден көп төмендеп көрмеген. Оның Бүкіодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысуы осының дәлелі болса керек.
 ЖҮНДІБАЕВ Есберген ( 1890-1960) Қызылбұлақ ауылдық кеңесінің Жаңатаң ауылында туған. Жаңа өкімет орнағанға дейін байларға жалшы болуды бастан кешірген. Алғашқы серіктестікті өз қолымен құрысып, кейіннен «Жаңа тұрмыс» колхозы болып қалыптасқан шаруашылықта ұзақ жылдар бойы аға шопан болып еңбек етеді. Оның жыл сайынғы жоғары жетістіктері лайықты бағасына да ие болып отырды. 1948 жылы ол ауданның бір топ үздік еңбек адамдарының сапында Социалистік Еңбек Ері атанды. Бұл ретте оның өз отарындағы әр жүз саулықтан 133 қозыдан өсіргені аталып көрсетілген.
 ҚАЙРАЛАПОВ Мүсіркеп(1885 – 1976) Сағыз өзені өресінің Қопа ауылдық кеңесіне қарасты мекенде дүниеге келген. Қазан төңкерісінен көп бұрын туған адамдардың тағдыры бір – біріне өте ұқсас. Мүмкіндігі болса, өзінің жеке шаруашылығымен айналысады, ал ондай мүмкіндігі жоқтар байлардың немесе малы бар ағайындарының малын бағады. Қайралапов та біраз уақыт жалшылықпен күн кешкен. Ел отырықшылық қалыпқа түскен кезде, 1930 жылы серіктестікке мүшелікке кіреді. Кәсібі сол мал бағу болады. «Қопа» колхозын өрге сүйреген өрендердің бірі. Шопан құрығын 1958 жылы ұзақ еңбек демалысына шыққанға дейін қолында ұстайды. Бұл кезде ол жетпіс жастан асып та кеткен болатын. Оның қой шаруашылығы өндірісін дамытудағы ерен еңбегі 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері құрметті атағымен бағаланады. Бұған ол 1947 жылы әр 100 саулықтан 130 қозы алуы арқылы ие болған еді. Майталман еңбеккер бұл жоғары наградасын келесі жылы да биік жетістіктермен атап өтті. Атап айтқанда, 1948 жылы әр жүз саулықтан 149 – дан қозы алып, аман өсіреді. Осы рекордтық көрсеткіші үшін ол екінші рет Ленин орденімен наградталады. Бұдан кейінгі уақытта да ол ірі табыстарына сай марапатталып отырды.
толығырақ...
| |