Басты бет       Кіру       

ScreenReader
      VKontaktefacebookinstagramtiktok Құрметті оқырмандар! Кітапхана күнделікті 9:00-ден 18:30-ге дейін, Түскі үзіліс 12.30 дан 14:00-дейін демалыссыз жұмыс істейді. Әр айдың соңғы күні-тазалық күні.





БЛОГ ЖЫР ТАМҒАН ЖҮРЕК



БЛОГ ӘН МЕН ЖЫРДЫҢ
АҚБҰЛАҒЫ



БЛОГ "ЕШКІМ ДЕ, ЕШНӘРСЕ ДЕ
ҰМЫТЫЛМАЙДЫ"




                  
Cіздің сауалыңыз





           Іздеу:
 

Социалистік еңбек ерлері


ЮҚАЛМҰРАТОВ Қоңыр (1885 – 1971) Қазіргі Жарқамыс ауылдық округінің территориясында туған. Еңбек жолын Қазан төңкерісінен көп бұрын бастаған ол жаңа шаруашылық құрылымына мүше болып кіреді. «Қызылбұлақ» колхозында қатардағы колхозшы болып еңбек етеді де, кейіннен шопандық кәсіппен шұғылданады. Оның қажырлы еңбегінің арқасында қоғамдық мал басы күрт өсіп, шаруашылыққа мол табыс әкеледі. 1952 жылы дербес зейнеткерлікке шыққанға дейін оның есімі ұжымның мақтанышына айналған еді. 1947 жылы өзіне бекітіліп берілген 422 саулықтан 541 қозы өсіріп, ірі жетістікке ие болады. Осы еңбегіне орай Қалмұратов 1948 жылы ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 23 июльдегі Указымен Социалистік Еңбек Ері атанады. Сөйтіп ол өзінің адал еңбегімен шаруашылықтың даңқын бүкіл елімізге паш етіп, өзі де зор абыройға бөленеді.






ҚАРАҒҰЛОВ Әлжан(1892 – 1973) Байғанин ауданының Доңызтау өңірінде туған. Өзінің тұрғыластары сияқты Қазан төңкерісіне дейін байлардың малын баққан. Елде отырықшылық өмір қалыптасқан соң ұжымдық шаруашылыққа мүше болып кіреді. Әуелі Буденный атындағы колхозда, одан әрі іріленген Жамбыл атындағы колхозда 1961 жылға дейін аға шопан болып еңбек етеді. Көп жылғы еңбегіне сай ол 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алып, үкіметтің жоғары наградасы Ленин ордені мен Орақ пен Балға алтын медалін омырауына тағады. Осы жоғары наградаға ұсынылғанда оның отарындағы 451 саулықтан 584 қозы алғандығы атап көрсетілген. Мұндай көрсеткішке ол бұрын да, одан кейінгі жылдарда да ие болып отырды. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің төрт медалі мен Құрмет грамоталары, Қазақ КСР – і мал шаруашылығының шебері атануы оның ұдайы еңбек майданының алғы шебінде жүргендігін айқын көрсетеді.






ҚҰЛШЫНОВ Жұрынбай (1904 – 1974) Табын ауданына қарасты Жем өңірінде туған. Жастайынан байларға жалшылықта жүреді. 1929 жылдан «Құрамыс» ауыл шаруашылық артелінің мүшесі. 1937 жылдан «Теректі» колхозында еңбек етеді. Құлшынов колхоз өндірісін нығайтуға көп еңбек сіңірген адам. Осыған орай ол «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен наградталады. Ал 1948 жылғы 23 июльде оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. 1957 жылы Қазақ КСР – інің мал шаруашылығының шебері атанады. Мұндай құрметке ол жылқы түлігін өсірудегі мол табыстары үшін ие болады. Шағын колхоздың кезінде қарауындағы 39 биеден 39 құлын алып аман өсірсе, 1966 жылы «Алтай» совхозында еңбек етіп жүріп, 144 биеден 114 құлын алуды қамтамасыз еткен. Демек, оның еңбекте ер атануы тегіннен тегін емес екен. Еңбек зейнетіне шыққаннан кейінгі өмірі ауданымыздың Қаражар елді мекенінде өтеді. Қаражарлықтар даңқты жерлесінің есімін орынды мақтаныш етіп, жас ұрпаққа еңбек тәрбиесін беруде үлгі етіп отырады.





МАҚЫБАЕВ Әлен Жем өзенінің бойындағы Жыңғылдытоғай деген жерде туған. Алғаш кезде құрылған серіктестік осылай аталып, кейіннен «Жыңғылтоғай» колхозы болып қалыптасады. Отызыншы жылдардың орта шенінде бұл ұжым қазіргі Көлтабан ауылдық округіне қарасты территорияға көшіріледі де, оған «Қызыләскер» колхозы деген атау беріледі. Мақыбаев осы колхозда ұзақ жыл бойы шопан болады. Сонау серіктестік кезінде жинақталған азын – аулақ мал жыл өткен сайын көбейе берді. Мал басының өсуіне Мақыбаев және оның ауылдастары көп еңбек сіңірді. 1939 жылдан аға шопан атанған ол өз саласының табысын молайта отырып, мақтау мен марапаттарға да ие бола бастады. Әсіресе, 1947 жылы отардағы 794 саулықтан 981 қозы өсіріп, үздік көрсеткішке жетеді. Сөйтіп ол 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алады. Кейіннен бұл наградаға Еңбек Қызыл Ту ордені қосылады. Аудандық, облыстық басшы орындардан берілген марапаттары да аз емес. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысуы да мәртебелі марапаттың бірі болды. Оның бай тәжірибесін кейінгі толқын еңбеккерлер тиімді пайдаланып отырады.






МОЛДАНИЯЗОВ Жиенғазы (1900 – 1974) Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты мекенде туған. 1928-41 жылдар аралығында «Жаңатаң» артелінде еңбек етеді. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысының майдандарында жаумен шайқасады. 1945 жылы елге Жеңіспен әрі жарадар болып оралады. Соғыста бірнеше жауынгерлік наградалар алады. Кешегі майдангер енді қой шаруашылығын өркендетуге белсене кірісіп кетеді. 1946 жылы «Жаңатаң» колхозы қой түлігін өсіру жоспарын 113 процентке, 1947 жылы 109 процентке орындаса, бұл көрсеткіште Молданиязовтың қосқан үлесі өте-мөте зор болды. Мәселен, ол 1947 жылы әр жүз саулықтан 121 қозы өргізіп, айрықша абыройға бөленді. Екі жыл қатарынан жоғары табысқа ие болған ол 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атанады. Мал бағудың қыр-сырын жетік меңгерген еңбек ардагері одан әрі бірнеше отар қойы бар шопандар бригадасына жетекшілік етеді.






СӘТІМОВ Шалтай (1890-1951) Доңызтау өңіріндегі №12 ауылда туған. Осы өңірде алғашқы құрылған серіктестіктің мүшесі болып, кейіннен Жамбыл атындағы колхозда өмірінің ақырына дейін шопандық кәсіппен шұғылданады. Жыл сайынғы қол жеткізген табыстарына сай және 1947 жылы қарауындағы 524 саулықтан 663 қозы алып, аман өсуіне байланысты оған 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Осындай еңбек адамдарының арқасында Жамбыл атындағы колхоздың атағы да көпке жайылады.








ТӨЛЕНОВ ӘШІМ (1886 – 1975) Сағыз өзенінің бойындағы Жанбике деген жерде туған. Осы жерде отызыншы жылдардың бас кезінде серіктестік құрылып, кейін ол «Жанбике» колхозы атанады. Төленов осында серіктестік құрылған кезден еңбек етеді. Ұжымдық шаруашылықтың экономикалық жағынан нығаюына өзіндік мол үлесін қосады. «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен, 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағымен, екі рет Ленин орденімен наградталуы оның шын мәнінде еңбек майталманы болғанын дәлелдейді. Айталық, 1947 жылы ол 578 қазақы тұқымды саулықтан 776 қозы алған. Мұның өзі аудан ғана емес, облыс көлеміндегі некенсаяқ көрсеткіштердің бірі болатын. Іріленген «Қазақстан» колхозының миллионер атануына осындай атпал азаматтардың елеулі ықпалы болғаны сөзсіз.







ТӨЛЕПОВ ҚЫЛЫШ (1902 – 1992) Байғанин ауданына қарасты территорияда туған. 1928 жылға дейін байлардың малын баққан. Одан әрі Гурьев облысына кетіп, біраз жыл балықшылықпен айналысады. Одан соң сол облыстың «Мұқыр» совхозында шопан болады. Ал 1952 жылдан бастап Байғанин ауданының «Сағыз» совхозында аға шопан болып еңбек етеді. Қой шаруашылығын өркендетудегі жоғары табыстары үшін ол 1966 жылы 22 наурызда ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен Социалистік Еңбек Ері атағын алады. 1958 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталады. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет Грамотасы, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет Грамотасы беріледі. Есімі облыстың «Еңбек даңқы» кітабына жазылады. Оның 90 жасқа толған юбилейі ауданның басшы орындарының ұйымдастыруымен аталып өтілді. Көзі тірі кезінде мектеп оқушыларының еркін күрестен Социалистік Еңбек Ері Төлепов Қылыш атындағы спорт сайысы жыл сайын өткізіліп тұрды.






ТҮРКИН ОРАЗ (1895 – 1973) Қопа ауылдық кеңесіне қарасты мекенде дүниеге келген. Жастайынан байларға жалшылықта жүрген. 1930 жылы құрылған ұжымдық шаруашылыққа мүшелікке кіріп, одан әрі «Қопа» колхозында аға шопан болады. Бұл саладағы үздіксіз жетістіктері жоғары бағаланып, оған 1949 жылғы 7 қазанда ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Осы атаққа ұсынылған 1948 жылы ол қарауындағы 438 саулықтан 652 қозы алып, аман өсірген болатын. Үкіметтің ең жоғары наградасына ие болғаннан кейін де Түркин біраз жыл қатарынан айтарлықтай жетістіктерге ие болып, өзінің шеберлігін көпке таныта білді. 1958 жылы еңбек демалысына шығып, ұзақ жылдар бойғы қызметінің зейнетін көреді.






ҮБАЕВ Әліп (1893 – 1977) №12 ауылдық кеңеске қарасты Оймауыт өңірінде туған. 1930 жылы құрылған серіктестіктің мүшесі. Сол территориядағы бірнеше серіктестік кейіннен Жамбыл атындағы колхоз атанады. Үбаев осы колхозда аға шопан болып, 1958 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек етеді. Аға шопан жыл сайын қой түлігінің өнімділігін арттыра отырып, шаруашылыққа қыруар пайда келтіреді. Тек 1947 жылдың өзінде 694 саулықтан 931 қозы өсіріп, аудан көлемінде жоғары көрсеткішке қол жеткізеді. Ал оның соғыс жылдарындағы ерен еңбегі «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен аталып өтіледі. 1948 жылғы 23 шілдеде ол Социалистік Еңбек Ері атағына ие болады. 1947 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық жетістіктері көрмесінің, 1965 жылы ССРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің лауреаты атанады. Осындай мәртебелі марапаттарға ол тынымсыз еңбектің, көп жылғы жинақтаған мол тәжірибесінің арқасында ие болып, сол арқылы туған ауылының да, ауданның да абырой – беделін биікке көтерді.





ШОНТИН Әбіш (1907 – 1977) Астрахань губерниясы Маңғыстау приставында туған. 1929 жылы Табын ауданында алғашқы құрылған серіктестікке мүше болып, одан әрі «Қаражар» колхозында еңбек етеді. 1963 жылға дейін осы колхозда (кейіннен Калинин атындағы колхоз) қой фермасының меңгерушісі, аға шопан болады. Ерен еңбегіне сай Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне, ССРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысады. 1947 жылы өзіне сеніп тапсырылған 581 саулықтан 713 қозы өргізеді. Бұл саулықтың әр жүзіне 123 қозыдан келеді. Осы жоғары көрсеткіші үшін ол 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алады. Шонтин шопандық кәсібінде бойдақ қой бағып та ірі жетістіктерге ие болған. Мәселен, ол 1959 жылы етке тапсырылатын бойдақ қойларды жайып семіртіп, әрқайсысының орта салмағын 65 килограмнан айналдырған және 80 процентін семіздікке өткізген. Бұл да аудан үшін рекордтық көрсеткіш еді. Атақты шопан «Ақжар» совхозы кезінде де бұл салаға елеулі еңбек сіңіреді.
















 
     
Біздің мекен-жайымыз:

 

Ақтөбе облысы,
Байғанин ауданы,
Қарауылкелді селосы,
Барақ батыр көшесі,
№29 үй
Телефон: 8(71345)22 2 03, факс: 8(71345)23 1 35
E-mail: baiganinkitap@mail.ru

 
Copyright © Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі